2023 жылғы 17-18 тамызда Алматыда Халықаралық көші-қон ұйымы (ХКҰ) – БҰҰ Көші-қон агенттігі «Отандастар» қоры және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы сияқты серіктестерімен бірлесіп, қазақ диаспорасы және шетелдегі қандастармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық семинар-форум өткізді.
Семинар-форум жұмысына институттың ғылыми қызметкерлері: Ботагөз Ракишева, Қаламқас Есімова, Айнұр Мәжитова қатысты.
Ботагөз Ислямқызы «Еуропадағы, Түркиядағы және Оңтүстік Кореядағы қазақтардың мысалында шетелдегі қазақ диаспорасы мен отандастарының жағдайы мен негізгі тенденциялары» атты баяндама жасады.
Біз Қазақстанның диаспоралық саясатының жаңа кезеңіндеміз. «Қазақстан Республикасының 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты» Тұжырымдамасынан кейін «Қазақстан Республикасының шетелде тұратын отандастармен жұмыс жөніндегі 2024-2028 жылдарға арналған қарым-қатынас стратегиясы» әзірленді. «Қарым-қатынас стратегиясы» Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының тікелей қатысуымен Халықаралық көші-қон ұйымы мен «Отандастар» қоры» АҚ-ның екі жылдық жұмысының нәтижесі болды. Айта кету керек, дайындық барысында қазақстандық және халықаралық тәжірибе ескеріліп, зерттеулер жүргізіліп, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес сектордың өкілдерімен, ғалымдармен пікірталас жүргізілді.
Қарым-қатынас стратегиясының мақсаты – шетелде тұратын отандастармен нәтижелі диалог орнату, сондай-ақ өзара іс-қимыл тиімділігін арттыру және оларды Қазақстан Республикасының дамуына тарту. Сонымен қатар, стратегия халықаралық қоғамдастық алдында Қазақстанның оң имиджін қалыптастыруға және еліміздің әлемдегі беделін арттыруға бағытталған.
Біз Қарым-қатынас стратегиясын әзірлеушілерге алғыс айтамыз және Стратегия шетелдегі отандастармен байланыс орнатуға елеулі үлес қосады деп сенеміз!