ҒЫЛЫМИ КОНФЕРЕНЦИЯЛАР
Институт серіктестермен бірлесіп әртүрлі зерттеу тақырыптарда ғылыми конференциялар тұрақты өткізіп отырады.
26 қазан 2018 жыл
2018 жылғы 26 қазанда Астана қаласында ЕҚЫҰ Бағдарламаларының кеңсесі Қазақстандағы Фридрих Эберт қоры, Халықаралық қатынастар жөніндегі Қазақстандық Кеңес, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институты және «Қоғамдық пікір» зерттеу институтымен бірлесіп «Орталық Азиядағы өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бойынша жаңа сын-қатерлер мен тәсілдер» тақырыбында өңірлік қауіпсіздік конференциясын ұйымдастырды.
Конференцияның мақсаты - Орталық Азиядағы қауіптер мен сын-тегеуріндерді бағалау бойынша ағымдағы пікірталасқа үлес қосу. Негізгі сессиялар келесі тақырыптарға арналды:
- халықаралық және аймақтық ұйымдардың рөлі және олардың аймақтағы тиімділігін арттыру жолдары;
- жастар арасында терроризмге әкелетін зорлық-зомбылық экстремизмі және радикалдану және оның алдын-алу жолдары;
- интернетті террористік мақсатта пайдалануға қарсы тұру;
- шетелдегі террористік әрекеттерге қатысқан адамдарды қайтару және оларды әлеуметтік өмірге қайта қосу мүмкіндігі
Конференция 4 сессияға бөлінді, оған академиялық орта, азаматтық қоғам, үкімет және талдау орталықтарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен ұйымдар қатысты.
Іс-шара ЕҚЫҰ қауіпсіздікке кешенді тәсілдемесінде диалогқа және өңірлік ынтымақтастыққа жәрдемдесу, сондай-ақ заманауи қатерлер мен сын-тегеуріндерге ден қою үшін жаңа шешімдерді іздеуге сарапшыларды тарту жөніндегі қызметінің бір бөлігі болды.
Конференция қорытындысы бойынша 2019 жылы Нұр-Сұлтандағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі конференцияға қазақстандық және шетелдік қатысушылардың баяндамалары енгізілген материалдар жинағын шығарды. Басылым орыс және ағылшын тілдерінде жарияланды.
21 мамыр 2015 жыл
2015 жылғы 21 мамырда Астана қаласында VIII Астана экономикалық форумы шеңберінде Еуразиялық даму банкінің интеграциялық зерттеулер орталығы «Қоғамдық пікір» зерттеу институты және Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп «Еуразиялық интеграцияның әлеуметтік өлшемі» панельдік сессиясын ұйымдастырды.
Панельдік сессияның мақсаты – өңірлік интеграция процестерін қабылдау мен түсінудің әртүрлі аспектілерін жан-жақты талқылау. Сессия аясындағы пікірталас келесі тақырыптарға арналды:
- ЕАЭО мемлекеттері мен ТМД өңірінің экономикалық, саяси және әлеуметтік-мәдени салалардағы интеграциясы мен кооперациясы процестеріне қоғамдық көзқарас проблемалары;
- Қоғамдық пікір интеграциялық процестер индикаторы мен қозғалтқышы ретінде;
- Еуразиялық интеграцияны ақпараттық позициялау;
- ТМД өңірі елдерінің «әлеуметтік интеграция» саласындағы мемлекеттік саясаты;
- Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін қоса алғанда, ЕАЭО еңбек көші-қоны және әлеуметтік кепілдіктер;
- ЕАЭО елдерінің адами капитал, әлеуметтік әл-ауқат және еуразиялық интеграцияның континенттік әлеуеті контексіндегі орнықты дамуы.
Сессия модераторлары ретінде Еуразиялық даму банкінің Интеграциялық зерттеулер орталығының директоры Евгений Винокуров және «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Ракишева сөз сөйледі.
Сессияға еуразиялық экономикалық интеграция мәселелері жөніндегі жетекші ғалымдар мен сарапшылар, Қазақстан мен Ресейдің зерттеу институттарының, академиялық топтардың, үкіметтің, талдау орталықтарының, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың, түрлі мемлекеттер елшіліктерінің өкілдері қатысты.
21 мамыр 2014 жыл
2014 жылғы 21 мамырда VII Астана экономикалық форумы шеңберінде Еуразиялық даму банкінің Интеграциялық зерттеулер орталығы «Қоғамдық пікір» зерттеу институтымен бірлесіп «Еуразиялық интеграцияға қоғамдық көзқарас» панельдік сессиясын өткізді.
Пікірталастың негізгі тақырыбы ТМД елдерінің өңірлік интеграциялық жобаларына қоғамдық көзқарас және қарым-қатынас мәселелері: Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік және Еуразиялық экономикалық одақ.
Сессияда «ЕАДБ интеграциялық барометрі» - ТМД өңіріндегі 12 елдің халқына жыл сайынғы сауалнама нәтижелері ұсынылып, талқыланды.
Сессияға ТМД елдерінің өңірлік интеграция мәселелері жөніндегі жетекші ғалымдар мен сарапшылар, мемлекеттік құрылымдардың, отандық және шетелдік зерттеу институттарының, академиялық топтардың, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.