Қазақстан Республикасы, Астана қ.,
Ә.Бектуров көшесі 3/1, 83 кеңсе
+7 7172 24 84 26, +7 700 424 84 26 
opinions@opinions.kz

2026 жылғы 8 қазанда Алматы қаласында «Еуропалық одақ елдерінде Орталық Азиядан келген халықаралық рейс жүргізушілерінің көші-қон ағындарын реттеу және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара Орталық Азия елдерінен Еуропалық одақ елдеріне еңбек көші-қонының өзекті үрдістерін талқылау мақсатында зерттеушілерді, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, халықаралық сарапшылар қауымдастығы мен кәсіподақ өкілдерін біріктірді.

Дөңгелек үстелді ұйымдастырушы – Фридрих Эберт атындағы қордың Орталық Азиядағы өкілдігі.

Қатысушыларға құттықтау сөзін Филипп Ян – Фридрих Эберт атындағы қордың Орталық Азиядағы өңірлік директоры, Зауреш Шутова – Фридрих Эберт атындағы қордың Астанадағы өкілі, сондай-ақ Нұрхан Жалиев – Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің «Отандастар қоры» КЕАҚ талдау және стратегиялық даму департаментінің басқарушы директоры арнады.

Іс-шараның модераторы – «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры, доктор Ботагөз Ракишева (Астана, Қазақстан).

Доктор Ботагөз Ракишева «Орталық Азиядан Еуропа елдеріне көші-қон: статистика, мәртебелер, стратегиялар» тақырыбындағы баяндамасында Орталық Азия елдерінен Еуропалық одаққа көші-қонның негізгі бағыттарын, ауқымын және даму динамикасын атап өтті.

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері, доктор Санат Кушкумбаев Орталық Азияның демографиялық дивидендін іске асыру жолындағы сын-қатерлерді қарастырды. Еңбек мобильділігіне және өңірдің дамуына ықпал ететін негізгі факторлар ретінде климаттың өзгеруі, жедел урбандалу, геосаяси өзгерістер және адами капитал үшін жаһандық бәсекелестік аталды.

Хельсинки университетінің Aleksanteri институтының өкілі, доктор Лариса Кангаспуро Орталық Азиядан Балтық жағалауы және Солтүстік Еуропа елдеріне көші-қон мәселелері жөнінде баяндама жасап, жаңа көші-қон бағыттарына, еңбек мобильділігіне және құқықтық реттеу тетіктеріне назар аударды.

Maastricht University / SSE Riga өкілі, доктор Джулио Бенедетти Орталық Азиядан келген жүргізушілерді еуропалық логистикалық компанияларға тарту тетіктерін талдады. Ол жұмысқа қабылдау тізбектеріне, рекрутингтік агенттіктер мен бейресми делдалдардың рөліне, сондай-ақ жүргізушілер арасында еңбек құқықтарын қорғау белсенділігінің жаңа үрдістеріне ерекше тоқталды.

Қырғыз Республикасы Парламенті Спикері жанындағы Көші-қон және адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңес хатшылығы басшысының орынбасары Нұргүл Қадиркулкова Қырғызстаннан Германияға барған еңбек мигранттарын зерттеу нәтижелерін таныстырды. Баяндамада көші-қон ауқымы, жүйелі кедергілер, дуальды білім беру мен әділ жалдау мүмкіндіктері, сондай-ақ қабылдаушы елдегі Қырғызстан азаматтарының тәжірибесі мен қалыптасқан беделі қарастырылды.

Германиядағы Faire Mobilität консультациялық желісінің өкілі, доктор Анна Вейрих Еуропаның көлік секторында үшінші елдердің азаматтарына кеңес беру тәжірибесі және еңбек құқықтарының жиі бұзылу жағдайлары туралы баяндады. Негізгі мәселелер қатарында жалақыны төлемеу, жүргізушілердің жұмыс уақыты мен демалыс кезеңдерін реттейтін талаптардың бұзылуы аталды. Сонымен қатар орыс тілінде құқықтық көмек көрсету мен консультациялық қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Нидерландтағы RTDD Foundation және FNV кәсіподағының өкілі Эдвин Атема тапсырыс берушілердің жауапкершілігі тетіктерін және жүк көлігі жүргізушілерімен тікелей өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін қарастырды. Баяндамада логистикалық жеткізу тізбектеріндегі еңбек жағдайларын бақылау, Орталық Азиядан келген жүргізушілермен жүргізілген тереңдетілген сұхбаттардың нәтижелері және ірі еуропалық тапсырыс берушілерді қосалқы мердігер компаниялар қызметкерлерінің еңбек жағдайлары үшін жауапкершілікке тарту құралдары талқыланды.

Дөңгелек үстелге тарих ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Азия зерттеулері институтының директоры Герман Ким; Орталық Азия бойынша экономист-консультант Ханс Хольцхаккер; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) Алматыдағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова; Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚСЗИ сарапшысы Болат Әуелбаев; көші-қон және көші-қон саясаты жөніндегі халықаралық консультант Елена Садовская; әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы профессорының міндетін атқарушы Лейла Деловарова; AlmaU профессоры Алексей Белянин; Narxoz университетінің профессоры Ольга Исупова; Nightingale International ұйымының саясаттанушысы Эльданиз Гусейнов; Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Руслан Изимов; тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қырғыз ұлттық университетінің өкілі Гүлмайдан Уразбаева; Роза Люксембург атындағы қордың өкілі Лейла Музапарова; тарих ғылымдарының докторы, профессор, Роза Люксембург атындағы қордың өкілі Ирина Черных; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің саясаттану кафедрасының докторанты Әсел Кенжетаева; Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының тарихи демография бөлімінің зерттеушісі Бота Жүнісова және басқа да сарапшылар қатысты.

Онлайн форматта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлнара Насимова; Ханкук шет тілдер университетінің (Сеул, Корея Республикасы) Орталық Азия зерттеулері институтының зерттеуші профессоры, доктор Sangcheol Kim; зерттеуші Лаура Мұстафина және басқа да қатысушылар қосылды.

Сонымен қатар дөңгелек үстелге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Narxoz университетінің және Қазақстан-Неміс университетінің бакалавриат, магистратура және докторантура студенттері қатысты.

Дөңгелек үстел қазіргі көші-қон үдерістерін, Орталық Азиядан Еуропалық одақ елдеріне жұмысқа баратын жүргізушілердің еңбек құқықтарын қорғау мәселелерін кәсіби тұрғыда талқылауға және халықаралық тәжірибе алмасуға арналған маңызды алаңға айналды.

 

А 64 Орталық Азия елдерінен (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан) Оңтүстік Кореяға көші-қон процесін талдау: жағдайы, құрылымы, стратегиясы – Б.И. Ракишеваның редакциялауымен – Korea Foundation, «Қоғамдық пікір» зерттеу институты, 2022 – Астана – 174 б.

Бұл баяндама «Support for Policy Oriented Research Program-2021» (Саясатқа бағытталған зерттеулерді қолдау бағдарламасы-2021) бағдарламасы бойынша Korea Foundation гранттық қолдауымен «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізген «Орталық Азия елдерінен (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан) Оңтүстік Кореяға көші-қон процесін талдау: жай-күйі, құрылымы, стратегиясы» халықаралық зерттеу нәтижелері бойынша дайындалды.

Баяндама 2022 жылы Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Оңтүстік Кореяда жүргізілген зерттеу нәтижелерін қамтиды. Зерттеу барысында Орталық Азия елдерінен Оңтүстік Кореяға этникалық, еңбек, құжатталмаған, оқу, неке көші-қоны мәселелері бойынша мигранттармен және сарапшылармен сауалнама жүргізу, сондай-ақ әлеуметтік желілерді, БАҚ-ты контент-талдау және кабинеттік зерттеу арқылы зерттелді.

Көші-қон мәселелерінің өзектілігін және оның халықаралық қатынастар, саясат, экономика және жалпы қоғам үшін салдарын ескере отырып, осы саланы жан-жақты зерделеу және көші-қон ағыны пайда болатын елдерде де, қабылдаушы елде де оның жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізу маңызды.

Бұл баяндама көші-қон, халықаралық қатынастар, диаспорология, корейтану саласындағы мамандарға ұсынылады.

Орыс тіліндегі кітапты жүктеп алу
Ағылшын тіліндегі кітапты жүктеп алу

«Қазақстандағы еңбек мигранттары» зерттеуі Халық, босқындар және көші-қон мәселелері жөніндегі бюро (PRM USA) қаржыландыратын және Қазақстандағы Орталық Азия бойынша Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) Субөңірлік үйлестіру кеңсесі іске асыратын «Көші-қон жөніндегі Азия өңірлік бағдарламасы» жобасының бөлігі болып табылады.

Бұл жарияланым Қазақстан халықаралық және ұлттық сарапшылар тобының бірлескен жұмысының нәтижесі. Зерттеуге жалпы жетекшілік ету мен үйлестіруді ХКҰ Қазақстандағы Орталық Азия бойынша Өңірлік үйлестіру кеңсесі атынан жобаның аға ассистенті Әлия Қожахметова және бұрынғы Ұлттық бағдарламалық үйлестіруші Евгений Хон жүзеге асырды.

Есеп авторлары: Элен Сайед Цвик және Жания Сазанова.

Қазақстанда далалық зерттеулерді «Қоғамдық пікір» зерттеу институты жүргізді

https://kazakhstan.iom.int/resources/study-labour-migrants-three-cities-kazakhstan-almaty-astana-and-shymkent

Жарияланымды ағылшын тілінде жүктеу

Жарияланымды орыс тілінде жүктеу

Бұл есеп Швейцария даму және ынтымақтастық агенттігі қаржылық қолдау көрсеткен, ХКҰ жүзеге асырған «Орталық Азиядан келген мигранттар мен олардың отбасыларына COVID-19 пандемиясының салдарын жеңілдету» аймақтық бастамасы нәтижелерінің бөлігі.

Зерттеу жобасы цифрлық ақша аударымдары жүйелерін және оларды Ресей Федерациясы мен Орталық Азия елдерінде пайдалануды, құқықтық, инфрақұрылымдық аспектілерді, сондай-ақ мигранттар мен ақша аударымдарын алушылар арасында цифрлық қаржылық қызметтерді пайдалануды шектеуі мүмкін көзқарастар мен мінез-құлық кедергілерін зерттеуге бағытталған. Зерттеуде мигранттар мен ақша аударымдарын алушылардың цифрлық ақша аударымдарына және аралас қаржылық қызметтерге қатысуын шектейтін процестің мінез-құлық аспектілеріне ерекше назар аударылады. Осы зерттеудің нәтижелері мигранттар мен олардың алушы отбасыларының цифрлық ақша аударымдарын пайдалануды кеңейту бағдарламаларын әзірлеуге және сайып келгенде, цифрлық қызметтер арқылы осы мақсатты топтың қаржылық интеграциясын жақсартуға ықпал етеді.

Есепті дайындағандар: Донхатай Харрис (жетекші автор) және Анна Прохорова, бұларға Майкл Ньюсон жетекшілік етеді (Еңбек мобильділігі және адами даму жөніндегі аға маман, Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Шығыс Еуропа және Орталық Азия үшін өңірлік кеңсе, көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым, Вена, Аустрия).

Қазақстанда даладық жұмыстар «Қоғамдық пікір» зерттеу институты тарапынан өткізілді.

https://publications.iom.int/books/role-digital-remittances-consolidated-findings-supply-and-demand-research

https://publications.iom.int/books/role-digital-remittances-consolidated-findings-supply-and-demand-research-russian

Ағылшын тіліндегі мәтінді жүктеу

Орыс тіліндегі мәтінді жүктеу

Р19. Ботагөз Ракишева. Қазақстандықтардың Оңтүстік Кореяға заңсыз көші-қоны. Халықаралық қатынастар жөніндегі қазақстандық кеңес (ХҚҚК) – Нұр-Сұлтан, 2020. – 60 б.

Баяндамаға Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға заңсыз көші-қон процесін зерттеу нәтижелері кірді. Автор ауқымды ресми статистикаға, әлеуметтік зерттеулердің нәтижелеріне, заңсыз еңбек мигранттарымен, неке мигранттарымен сұхбаттарға және бақылауларға сүйене отырып, еңбек жастар көші-қонының қалыптасу ерекшеліктерін, Оңтүстік Корея қоғамындағы мигранттардың бейімделуі мен интеграциясын тарқатады.

10 мың қазақстандықтың – Оңтүстік Кореяда еңбек қызметімен заңсыз айналысатын құжатсыз еңбекші мигранттардың болуы назар аударуды және мемлекеттік реттеуді талап етеді.

Көші-қон, халықаралық қатынастар, диаспорология саласындағы мамандарға ұсынылады.

Орыс тіліндегі кітапты жүктеп алу
Ағылшын тіліндегі кітапты жүктеп алу

▲