2026 жылғы 31 наурызда «SOCIOLOGY.KZ» журналы жарық көрді – әлеуметтану ғылымының және оған іргелес пәндердің өзекті мәселелеріне арналған мамандандырылған басылым. Журналда әлеуметтанудың ғылыми, теориялық және әдіснамалық мәселелері, сондай-ақ әлеуметтік, экономикалық және саяси үдерістердің әлеуметтанулық аспектілері жарияланады. Шығу жиілігі – жылына 4 рет. Журналдың құрылтайшысы және баспагері – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Философия, саясаттану және дінтану институты.
Журналдың алғашқы санында «ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ МИГРАЦИЯСЫ: ҚАЗАҚСТАН КЕЙСІ» атты мақала жарияланды. Мақала «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері Ботагоз Ракишева, Қаламқас Есимова, Айнұр Ибраева және Майра Раушанбекова тарапынан дайындалған.
Аталған мақала «Қоғамдық пікір» зерттеу институты 2006 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан ғылыми-зерттеу жобасының бір бөлігі болып табылады. Институт қызметкерлері түрлі жобалар аясында білім беру, еңбек, неке, этникалық және басқа да көші-қон түрлері бойынша зерттеулерді тұрақты түрде жүргізіп келеді. Осы жобалар шеңберінде әлемнің бірқатар елдерінде, атап айтқанда Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа елдерде білім алып жүрген қазақстандық студент-мигранттар арасында сауалнамалар жүргізілді. Бұл мақала 2025 жылы басталған Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттердің қоғамдық пікірін зерттеуге арналған зерттеу жобасының нәтижелері негізінде жазылған. Зерттеу нәтижелерінің бір бөлігі мақалада көрініс тапқан. Зерттеу нысаны – шетелде білім алып жүрген қазақстандық студенттер және Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттер. Зерттеудің мақсаты – студенттердің мотивациясын анықтау және білім беру миграциясы үдерісіндегі негізгі үрдістерді айқындау. Зерттеудің міндеттері: білім беру мигранттарының бейімделу үдерісін зерттеу; университетті таңдау факторларын анықтау; оқу елін таңдаудың негізгі себептерін талдау; оқу елінде бейімделу барысында туындайтын негізгі қиындықтарды айқындау; көші-қон әлеуетін зерттеу; әрі қарайғы білім беру траекториясын анықтау. Негізгі әдістері: тереңдетілген сұхбат, сауалнама, кейс-стади әдісі, салыстырмалы талдау әдісі және статистикалық талдау.
Толығырақ: https://journalsociology.kz/index.php/js